
Кез келген мемлекеттің басты байлығы – адам және оның өмірі. Сондықтан болар әлем елдері дамуды демографиялық ахуалдан бастап, халық денсаулығының қамына қарай қарекет етеді. Осы бағытта біздің елімізде де айтарлықтай жобалар қолға алынып, ұлт денсаулығын нығайтуға ден қойылған. Әсіресе, өскелең ұрпақтың дені сау болсын десек, болашақ аналардың денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек.
Жүктілік – әйел өміріндегі ерекше кезеңдердің бірі. Болашақ ана өзінің денсаулығына, тамақтануына және күнделікті жүріп-тұруына аса мән бергені жөн. Әрдайым дәрігерлердің ақыл-кеңестеріне құлақ асып, нұсқаулықтарын орындағаны да абзал. Бұл ретте емханалар мен стационарлық мекемелер әрдайым байланыста болып, жүкті әйел денсаулығын нығайтуды ортақ мақсат етуі тиіс. Осыған орай бүгін №2 көпбейінді қалалық аурухананың Акушерлік блогында қаламыздағы бірнеше емхананың өкілдерімен арнайы дөңгелек үстел өтті. Бас дәрігердің әйелдерді босандыру бойынша орынбасары Валентина Гергерт пен амбулаторлық қызмет бойынша орынбасары Сәуле Ибраева бастаған жиында болашақ ана денсаулығына қатысты өзекті мәселелер талқыға салынды.








