Стационарлық көмек көрсету тәртібі

Астана қаласы әкімдігінің "№2 көпбейінді қалалық аурухана" ШЖҚ МКК стационарлық көмек көрсету тәртібі

Астана қаласы әкімдігінің "№2 көпбейінді қалалық аурухана" ШЖҚ МКК стационарлық көмек көрсетуді «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 47-бабының 3-тармағына сәйкес жүргізеді.
Халыққа стационарлық көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі - ТМККК) шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (бұдан әрі - МӘМС) бойынша көрсетіледі.

Көрсетілетін көмектің түрлері:

1) стационарлық көмек - Дәрігерге дейінгі, білікті, мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық қызметтерді қолдана отырып, тәулік бойы медициналық бақылау жасалатын медициналық көмек ұсыну нысаны;

2) білікті медициналық көмек - диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың мамандандырылған әдістерін талап етпейтін аурулар кезінде, оның ішінде телемедицина құралдарын пайдалана отырып, жоғары медициналық білімі бар медицина қызметкерлері көрсететін медициналық көмек;

3) мамандандырылған медициналық көмек - диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың арнайы әдістерін талап ететін аурулар кезінде, оның ішінде телемедицина құралдарын пайдалана отырып бейінді мамандар көрсететін медициналық көмек

4) жоғары технологиялық медициналық қызметтер (бұдан әрі – ЖТМҚ) - диагностика мен емдеудің инновациялық, ресурс сыйымды және (немесе) бірегей әдістерін пайдалануды талап ететін аурулар кезінде бейінді мамандар көрсететін қызметтер;

5) амбулаториялық-емханалық көмек.

ТМККК және МӘМС шеңберінде пациентті «№2 көпбейінді қалалық ауруханаға жатқызу былай жүзеге асырылады:

1) жоспарлы тәртіппен – бастапқы медициналық-санитариялық алғашқы көмек (бұдан әрі – МСАК) немесе басқа денсаулық сақтау ұйымы мамандарының жолдамасы бойынша

2) шұғыл айғақтар бойынша (демалыс және мереке күндерін қоса алғанда) - жолдаманың болуына қарамастан.

Жоспарлы емдеуге жатқызу бойынша қабылдау бөлімшесінде пациенттерді қабылдау және тіркеу №2 КҚА бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес жұмыс уақытында өтініш берілген сәттен бастап 60 минут ішінде жүзеге асырылады. Шұғыл медициналық көмек тәулік бойы көрсетіледі. Қажет болған жағдайда қабылдау бөлімшесінде консилиум ұйымдастырылады.

Толық тексеріп-қарау және қарсы көрсетілімдер болмаған кезде бейінді бөлімшеге жатқызу жүзеге асырылады. Пациент емдеуге жатқызылған жағдайда 003/е нысаны бойынша тағайындау парағы бар медициналық карта (бұдан әрі-медициналық карта) ресімделеді. Денсаулық сақтау ұйымына жоспарлы емдеуге жатқызу кезінде тапсырған күнінен бастап 5 күннен кешіктірмей COVID – 19-ға полимеразды тізбекті реакцияны тестілеу (бұдан әрі-ПТР-тестілеу) нәтижелерін қосымша ұсыну қажет.

Науқас шұғыл түрде қабылдау бөлімшесіне түскен жағдайда міндетті түрде коронавирустық инфекцияға жедел тестілеу үшін талдау алынады, оң нәтиже болған жағдайда COVID-19 ПТР-тестілеу жүргізіледі. Пациенттің денсаулық сақтау ұйымына медициналық көмекке жүгіну кезінде алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаңдық белгілері анықталған кезде медицина қызметкері бұл туралы медициналық картаға жазба жасап, кейіннен психикаға белсенді әсер ететін заттардың құрамын анықтауға биологиялық ортаны жинап, нәтижелерін медициналық картаға енгізеді.

Медициналық көмек пациенттің не оның заңды өкілінің емдеу-диагностикалық іс-шараларды жүргізуге жазбаша ерікті келісімін алғаннан кейін ұсынылады.

Өз еркін білдіруге мүмкіндігі жоқ, шоктағы, коматозды жағдайдағы адамдарға қатысты медициналық көмекті келісімінсіз көрсетуге жол беріледі.

Қазақстан Республикасының аумағында жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар айналадағылар үшін қауіп төндіретін жіті аурулар кезінде ТМККК шеңберінде «Қазақстан Республикасының аумағында жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар айналадағылар үшін қауіп төндіретін жіті аурулардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2015 жылғы 1 сәуірдегі № 194 бұйрығына сәйкес ем алады, (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11317 болып тіркелген), егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға құқығы бар.

Медициналық көмек алу кезінде пациент өз денсаулығының жай-күйі туралы, оның ішінде ықтимал қауіп-қатер мен артықшылықтар, ұсынылатын және баламалы емдеу әдістері туралы деректерді, емдеуден бас тартудың ықтимал салдары туралы мәліметтерді, диагнозы, пациент үшін қолжетімді нысандағы емдеу іс-шараларының болжамы мен жоспары туралы ақпаратты, сондай-ақ үйіне шығару немесе басқа денсаулық сақтау ұйымына ауыстыру себептерін түсіндіріп толық ақпарат ала алады.

Дәрігер пациентті стационарға түскен күні қарайды, оған қажетті ем тағайындайды және тағайындалған емдеу-диагностикалық іс-шаралар туралы хабардар етеді.

Емдеу-диагностикалық іс-шараларды жүргізу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, емдік тамақтануды ұйымдастыру және пациентке тиісті күтім жасау түскен сәтінен бастап жүзеге асырылады.

Стационарда айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулары бар пациенттерді бөлек орналастыруға арналған палаталар қарастырылған.

Стационардағы пациенттерді демалыс және мереке күндерінен басқа күндері емдеуші дәрігер күнделікті тексеріп-қарайды. Кезекші дәрігердің қарап-тексеруі кезінде қосымша диагностикалық және емдеу манипуляцияларын қарауы және тағайындауы кезінде медициналық картаға тиісті жазбалар жүргізіледі.

Кешкі, түнгі уақытта, демалыс және мереке күндері - консультацияны немесе консилиумды стационардың жауапты кезекші дәрігері ұйымдастырады.

Акушерлік-гинекологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру және пациенттерді №2 КҚА акушерлік блогы деңгейінде емдеуге жатқызу репродуктивтік органдарының аурулары бар әйелдерге, жүктілік кезінде, босану кезінде, босанғаннан кейінгі кезеңде және жаңа туған нәрестелерге стационарлық медициналық көмек Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 29 қыркүйектегі № 761 бұйрығымен бекітілген Стационарлық көмек көрсету қағидаларына сәйкес ұсынылады. Емдеуге жатқызу бюросы порталы арқылы стационарға жоспарлы емдеуге жатқызу қабылдау бөлімшесіне дәрігердің № 907 бұйрықпен бекітілген медициналық құжаттаманы толтыра отырып, пациентте медициналық айғақтар және медициналық көмек алуға ақпараттандырылған келісім болған кезде жүзеге асырылады.

№2 КҚА акушерлік блогы деңгейінде:

1) жүкті, босанатын, босанған әйелдерге және жаңа туған нәрестелерге стационарлық консультациялық-диагностикалық, емдеу-профилактикалық және оңалту көмегін көрсету;

2) жеке тәсілді ескере отырып, жүктілікті, босануды және босанғаннан кейінгі кезеңді жүргізу жоспарын жасау;

3) диагностика мен емдеудің клиникалық хаттамаларына, сондай-ақ жүргізу жоспарына сәйкес жүктілікті, босануды және босанғаннан кейінгі кезеңді жүргізу;

4) жүкті, босанатын және босанған әйелдерге консультация беру, медициналық көмек көрсету деңгейін сақтау бойынша бақылауды жүзеге асыру;

5) аналар мен нәрестелерге оңалту іс-шараларын жүргізу, оның ішінде шала туған нәрестелерге күтім жасау;

6) телекоммуникациялық жүйелерді пайдалана отырып, жүкті, босанатын, босанған және жаңа туған нәрестелерге медициналық көмек көрсету бойынша консультациялар;

7) Бастапқы медициналық-санитариялық көмектің медициналық ұйымдарымен, өңірдің акушерлік-гинекологиялық көмек көрсететін стационарлық деңгейдегі басқа да медициналық ұйымдарымен; республикалық денсаулық сақтау ұйымдарымен сабақтастық және ақпарат алмасу;

8) акушерлік-гинекологиялық және неонатологиялық қызметтердің негізгі көрсеткіштерінің статистикалық деректерін жинау және талдау жүргізу;

9) уақытша еңбекке жарамсыздық сараптамасын, жүктілігі және босануы бойынша, гинекологиялық науқастарға еңбекке уақытша жарамсыздық парағын және анықтамасын беруді жүзеге асыру;

10) әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге акушерлік-гинекологиялық және неонатологиялық көмектің көшпелі нысандарын ұйымдастыру;

11) өз қызметінде ана мен перинаталдық сырқаттанушылық пен өлім-жітімді төмендетуге, әйелдердің ұрпақты болу денсаулығын сақтауға және қалпына келтіруге бағытталған ДДҰ/ЮНИСЕФ ұсынымдары бойынша профилактиканың, диагностиканың және емдеудің қазіргі заманғы және тиімді медициналық технологияларын пайдалану;

12) аналар мен нәрестелерге, оның ішінде дене салмағы төмен және өте төмен нәрестелерге реанимациялық көмек және қарқынды терапия көрсету;

13) әйелдерге медициналық-психологиялық көмекті жүзеге асыру;

14) перинаталдық көмек мәселелері бойынша әдістемелік жұмысты ұйымдастыру, дәрігерлер мен орта медицина персоналының кәсіптік даярлығын арттыру, акушерліктің, гинекологияның және перинатологияның өзекті мәселелері бойынша конференциялар/кеңестер өткізу, сондай-ақ мастер-кластар өткізу;

15) перинаталдық көмек, ұрпақты болу денсаулығы, қауіпсіз ана болу және емшек емізу мәселелері бойынша халыққа арналған қоғамдық денсаулық сақтау бағдарламаларын іске асыруды қамтамасыз ету.

Бөлімшеде акушерлік көмек көрсету үздіксіз тәулік бойы режимде жүзеге асырылады, бөлімшеде уақтылы, қолжетімді және тиімді көмекті жүзеге асыру үшін кезекші дәрігер мен акушерка келіп түсетін пациенттерді (Триаж жүйесі бойынша Медициналық сұрыптау) шұғыл медициналық көмек көрсетудің бірінші кезектілігіне қарай топтарға бөлуді жүргізеді.

Жүкті әйелдерді жоспарлы емдеуге жатқызу жұмыс күндері сағат 8.00-ден 14.00-ге дейін «Емдеуге жатқызу бюросы» электрондық порталына сәйкес жүзеге асырылады. Жүкті әйелді жоспарлы емдеуге жатқызу жағдайында өзімен бірге күні көрсетілген емдеуге жатқызу талоны, диагнозға сәйкес зертханалық және аспаптық зерттеу әдістерінің деректері бар амбулаториялық картадан үзінді, емдеуге жатқызу болжанған күннен бастап кемінде 10 тәуліктен аспаған мерзімі болуы қажет.

Жүкті әйел мен ұрықтың жағдайын бастапқы бағалауды жүзеге асырғаннан кейін, кезекші персоналдың зертханалық, аспаптық тексеру әдістерін жүргізгеннен кейін; жүкті әйел, босанатын әйел медициналық құжаттаманы ресімдегеннен және тиісті көмек көрсетуге жазбаша келісім алғаннан кейін босану залына, жүкті әйелдердің патологиясы бөлімшесіне, реанимация бөлімшесіне, диагнозына қарай операциялық бөлімшеге бөлінеді.

Шұғыл емдеуге жатқызу үшін айғақтар болмаған жағдайда пациенттер қарап-тексеру деректері мен ұсынымдарды жазбаша түрде алады және амбулаториялық бақылауға жіберіледі.

№2 КҚА-да жүкті, босанатын, босанған әйелдерге және жүктіліктен тыс әйелдерге медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі - ТМККК) шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде (бұдан әрі - МӘМС), «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес ерікті медициналық сақтандыру шеңберінде, ақылы қызметтер көрсету қағидалары мен шарттарына сәйкес ақылы негізде көрсетіледі.