ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ: ИННОВАЦИЯ, ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ МЕДИЦИНАНЫҢ БОЛАШАҒЫ



Бүгін Астана қаласында «Озық тәжірибелерді біріктіру» тақырыбында Ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі I Қытай – Орталық Азия форумы өтті.

Халықаралық алаңда ана мен бала денсаулығын қорғау, фетальды медицина, неонатология, балалар хирургиясы, заманауи гинекология, медицинаны цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын клиникалық тәжірибеге енгізу мәселелері талқыланды.

Форумнан кейін Қытай Халық Республикасынан келген мәртебелі қонақтарды №2 Көпбейінді қалалық ауруханамызда қарсы алдық.

Шетелдік әріптестерімізді ауруханамыздың қызметімен, жоғары технологиялық медициналық көмектің мүмкіндіктерімен және даму бағыттарымен таныстырдым.

Қонақтар акушерлік блокты аралап, перинаталдық көмекті ұйымдастыру, ана мен нәресте қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарымызбен танысты.

Сондай-ақ жақын арада пайдалануға берілуі жоспарланған жаңа қабылдау-диагностикалық кешенімізді таныстырдық.

Кешенде 3 Тесла МРТ, компьютерлік томография, ангиографиялық жүйе, ультрадыбыстық диагностика, эндоскопиялық жабдықтар мен заманауи операциялық кешендер қарастырылған.

Кездесу барысында медициналық қызметті цифрлық трансформациялау, жасанды интеллект негізіндегі диагностикалық шешімдер, жоғары дәлдіктегі визуализация және инновациялық технологиялардың болашағы туралы пікір алмастық.

Қонақтарымызды қазақ халқының ұлттық құндылықтарымен де таныстырып, аурухана қабырғаларындағы салт-дәстүрімізді бейнелейтін картиналардың тарихы мен мағынасын баяндадық.

Біздің мақсатымыз – халықаралық тәжірибе, цифрлық медицина және озық технологияларды ұштастыра отырып, пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жаңа деңгейге көтеру.

Мұндай кездесулер кәсіби ынтымақтастықты нығайтып, медицинаның болашағына бірге қадам басуға жол ашады.

Шетелдік әріптестерімізге мазмұнды кездесу үшін алғысымды білдіремін!