-
Click to open image!
Click to open image!
-
Click to open image!
Click to open image!
-
Click to open image!
Click to open image!
-
Click to open image!
Click to open image!
-
Click to open image!
Click to open image!
-
Click to open image!
Click to open image!
Астанадағы №2 қалалық көпбейінді ауруханада Дүниежүзілік шала туған балалар күні аталып өтті. Іс-шараға мерзімінен бұрын дүниеге келген балалар мен олардың аналары, сондай-ақ сәбилерді аман алып қалу және күтіп-баптауға атсалысқан медицина қызметкерлері қатысты. Мерекенің құрметті қонақтары Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Олжас Сыдықбек пен қазақстандық әнші Досымжан Таңатаров болды.
17 қарашада әлемде Дүниежүзілік шала туған балалар күні атап өтіледі. Бұл күннің мақсаты – мерзімінен бұрын босану мәселесіне, жаңа туған нәрестелердің денсаулығына және уақытынан ерте дүниеге келген сәбилерге көрсетілетін медициналық көмектің маңыздылығына қоғам назарын аудару.
№2 қалалық аурухананың акушерлік блогында бұл күн ерекше жағдайда аталып өтті. Мұнда өмір жолы күрделі сынақтардан, ұзақ күтуден, үздіксіз қамқорлық пен денсаулық үшін күрестен басталған отбасылар бас қосты.
Мерекеге медициналық күтімнің маңызды кезеңінен енді ғана өткен сәбилермен қатар, осы ауруханада дүниеге келгеніне бірнеше жыл болған балалар да шақырылды. Қонақтардың арасында 11 жыл бұрын өмірге келген балалар да болды. Бүгінде олар мектеп оқушылары. Олар мерекелік шарада өнер көрсетіп, ән айтып, би билеп, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Балалар мен ата-аналарға арнап мерекелік бағдарлама ұйымдастырылып, дәрігер-резидент неонатологтардың өнері мен түрлі сыйлықтар ұсынылды. Мерекенің ерекше сәттерінің бірі – сәбилердің тұсауын кесу рәсімі болды. Оған құрметті қонақтар – Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Олжас Сыдықбек пен қазақстандық әнші Досымжан Таңатаров қатысты.
Шара жылы әрі отбасылық атмосферада өтіп, медицина қызметкерлері мен бұл ауруханамен тағдыры тоғысқан отбасыларды бір ортаға жинады.
Іс-шараны ұйымдастыруға акушерлік блоктың бірнеше бөлімшесінің мамандары атсалысты. Олардың қатарында акушер-гинекологтар, неонатологтар, жаңа туған нәрестелер реанимациясы және нәрестелер патологиясы мен оларды күту бөлімшелерінің қызметкерлері бар. Дәрігерлер мен орта медицина персоналы отбасыларға қайта жүздесіп, осы ерекше күнді бірге атап өтуге мүмкіндік беру үшін бірлесе жұмыс істеді.
Әрбір осындай кездесудің артында медицина мамандарының орасан зор еңбегі жатыр.
2025 жылы №2 қалалық аурухананың босандыру блогында 10 мыңнан астам сәби дүниеге келген. Олардың шамамен 400-і шала туған нәрестелер. Оларға ерекше күтім мен мамандандырылған медициналық көмек қажет болды.
Акушер мамандардың айтуынша, мерзімінен бұрын босануға болашақ ананың денсаулық жағдайы мен жүктілік кезіндегі түрлі асқынуларды қоса алғанда, бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Мұндай жағдайларда медициналық көмектің уақытылы көрсетілуі, тұрақты бақылау мен кәсіби күтімнің маңызы зор.
Аурухана мамандарының күтімімен аман қалып, өмірге қадам басқан ең кішкентай пациенттердің бірі осыдан екі ай бұрын небәрі 490 грамм салмақпен дүниеге келген. Қазір сәби салмақ қосып, қажетті медициналық күтім алып жатыр. Осындай әрбір оқиғаның артында дәрігерлер мен бүкіл медицина қызметкерлерінің орасан зор еңбегі, сондай-ақ сәбидің өмірге бейімделу жолындағы ұзақ та маңызды кезеңдер тұр.
Дүниежүзілік шала туған балалар күні – ана мен бала денсаулығына жауапкершілікпен қараудың, жаңа туған нәрестелерге кәсіби медициналық көмек көрсетудің және мерзімінен бұрын босану жағдайына тап болған отбасыларға қолдау білдірудің маңызын тағы бір еске салатын күн.
Кездесуге қатысқан көптеген отбасы үшін бұл күн бір кездері сәбилерінің өмірі үшін күрес басталған ауруханаға қайта оралып, өздеріне қамқорлық көрсеткен дәрігерлерімен жүздесіп, еңбектері мен кәсібилігі үшін алғыс айтуға мүмкіндік берді.
