№2 КӨПБЕЙІНДІ ҚАЛАЛЫҚ АУРУХАНАДА ЖОҒАРЫ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ҚҰРСАҚІШІЛІК ОПЕРАЦИЯ ЖАСАЛДЫ



Астана қаласының №2 Көпбейінді қалалық ауруханасында жүктіліктің 20-аптасындағы монохориалды диамниотикалық егізге жүкті пациентке күрделі құрсақішілік хирургиялық араласу жүргізілді.

Медициналық тексеру барысында ұрықтардың бірінде сирек кездесетін ауыр патология — TRAP-синдромы (кері артериялық перфузия синдромы, акардия) анықталды. Бұл патология кезінде ұрықтар арасындағы қан айналымының бұзылуы екінші ұрықтың дамуы мен өміріне елеулі қауіп төндіреді.

Патологиялық қан ағымын тоқтату және екінші ұрықта асқынулардың даму қаупін азайту мақсатында аурухана мамандары ультрадыбыстық бақылаумен акардиялық ұрықтың кіндік тамырларына интерстициалды лазерлік коагуляция жасады.

Аталған хирургиялық араласу — нәрестеге дүниеге келмей тұрып медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік беретін заманауи фетальды хирургия әдістерінің бірі.

Бұл операцияның жасалуы — №2 Көпбейінді қалалық ауруханада фетальды хирургияны дамытудағы және жоғары технологиялық медициналық көмектің мүмкіндіктерін кеңейтудегі маңызды қадам.

Заманауи медициналық технологиялар, білікті мамандардың кәсібилігі және озық емдеу әдістерін енгізу болашақ сәбилердің өмірі мен денсаулығын сақтауға жаңа мүмкіндіктер ашады.

№2 Көпбейінді қалалық аурухана — өмір үшін заманауи технологиялар!