АҚ ХАЛАТ АСТЫНДА – БІР МАҚСАТ, БІР ЖҮРЕК



Астана қаласы №2 көпбейінді қалалық ауруханасында Қазақстан халқының Тілдері күніне арналған «Түрлі тіл – ортақ мақсат. Ақ халат бізді біріктіреді» атты ұлттық мәдениеттер фестивалі өтті.

Тіл – халықтың рухани қазынасы, ал мәдениет – ұлттың болмысы. Түрлі этнос өкілдерін бір шаңырақ астына жинаған бұл мерекелік шараның басты мақсаты – ана тілге құрмет көрсету, ұлттық мәдениет пен дәстүрді дәріптеу және ұжымдағы бірлік пен өзара сыйластықты нығайту.

Фестивальге арнайы қонақтар – «Есіл» ауданы әкімінің орынбасары Алдауоаи Бақытжан Серікұлы, «Әділет» партиясы Астана қаласы «Есіл» аудандық филиалының басшысы Жүсіпова Санира Орынтайқызы, «Elorda Aqparat» медиахолдингінің директоры, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Сыдықбек Олжас Дәуренұлы қатысты.

Шараны аурухана директоры Турсынбаев Нұрбол Нұрланұлы ашып, түрлі ұлт өкілдерін біріктіретін ең басты құндылық – адам өмірі мен адам денсаулығы екенін атап өтті.

Фестивальдің ерекше сәттерінің бірі – қазақ халқының ұлттық дәстүрі тұсаукесер рәсімі болды. Аурухана директоры Нұрбол Нұрланұлы мен Олжас Дәуренұлы Сыдықбек бүлдіршіннің тұсауын кесіп, сәбиге ақ жол тіледі.

Фестиваль барысында аурухана қызметкерлері қазақ, орыс, түрік, өзбек, татар, дүнген, қырғыз, шешен, араб, грузин және кәріс халықтарының мәдениетін таныстырды.

Әр ұлт өздерінің ұлттық тағамдарын ұсынып, әні мен биін орындап, салт-дәстүрлерін көрсетті. Бір сахнада түрлі мәдениет тоғысып, ортақ мерекенің сәнін келтірді.

Өйткені мәдениет – аударманы қажет етпейтін тіл.

Ал медицина қызметкерлерін біріктіретін ортақ тіл – мейірімділік, жанашырлық және кәсіби жауапкершілік.

Қай тілде сөйлесек те, қай мәдениетке жатсақ та, ақ халат астындағы мақсатымыз бір – адам өмірін сақтау және денсаулығын қорғау.

Фестиваль соңында ұлттық мәдениет пен өнерді жоғары деңгейде таныстырған қатысушыларға дипломдар табысталды.

Біз әртүрліміз – бұл біздің байлығымыз.
Біз біргеміз – бұл біздің күшіміз.
Тіліміз әртүрлі – жүрегіміз бір.
Бізді Қазақстан біріктіреді.
Бізді медицина біріктіреді.
Бізді ақ халат біріктіреді!

Тіліміз тұғырлы, бірлігіміз ғұмырлы болсын!