Донорлық – адам өмірін құтқарады



Донорлық – адам өмірін құтқарады.

Біздің ауруханада алғаш рет мультиорганды донорлық үдерісі жүргізілді. 1977 жылы туған донорға дәрігерлер ми өлімін анықтады. (Ескерту: ми өлімі бірнеше сағат бойы жүргізілетін бірқатар кешенді тексерулер нәтижесінде расталады. Қайта тексеру сынақтарының қорытындысы бойынша түпкілікті шешім шығарылады.)

Мультиорганды ағзаларды алу тек жақын туыстарының ресми келісімінен кейін ғана жүзеге асырылады.

Ұлттық ғылыми онкология орталығы мамандары келесі операцияларды орындады:
– 1976 жылы туған пациентке бауыр трансплантациясы жасалды;
– 1987 және 1994 жылдары туған науқастарға бүйрек трансплантациясы жүргізілді.

№2 көпбейінді қалалық аурухана жанындағы Көз микрохирургиясы орталығының мамандары қасаң қабықты (роговицаны) көшіру операциясын сәтті жүзеге асырды.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда донорлық ағзалардың тапшылығы әлі де өзекті мәселе болып отыр. Жыл сайын мыңдаған пациент трансплантацияны күтеді. Өкінішке қарай, күн сайын дерлік өмірін құтқаруға болатын адамдар көз жұмады.

Өлімнен кейінгі донорлық трансплантологияда маңызды рөл атқарады: жүрек, бүйрек, бауыр, өкпе және басқа да өмірлік маңызды ағзаларды алмастыруға мүмкіндік береді.

Марқұмның тірі кезінде берген келісімі немесе оның отбасының рұқсаты дәрігерлерге адам өмірін сақтап қалуға үлкен мүмкіндік береді. Сондықтан әрбір құтқарылған пациент – бұл жай ғана медициналық жетістік емес, бұл – қайта оралған үміт пен сыйланған өмірдің тарихы.

Донордың туыстарына қабылдаған қиын шешімі үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. Олардың келісімі бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді.