Жеңіс күнімен!

Біз бүгінгі күн - ертеңгі тарих деген сөзді қайталап айтып жүреміз. Тарих беттері қанша жерден жаңаланып отырса да, жадыда жарық немесе аса ауыр із қалдырған, ұмытылмайтын, ескірмейтін, елеусіз қалдыра алмайтын дүниелер бар.Олардың бірі - ел басына күн туғанда қолына қару алып, қаймықпай қан майданға аттанған есіл ерлердің ерлігі. Еліміз қаншама ауыр уақытты бастан өткерді, Ұлы Отан соғысының ізі әлі де халық жадында жаңғырып тұр. Жылдар өтсе де, соғыстың зардабын тартқан халықтың жағдайын тіпті елестету қиын. Бір жағынан жүрек шымырлап, әрі батыр бабаларымыз үшін жүректі мақтаныш сезімі кернейді. Біз сонау мектеп қабырғасынан Ұлы Отан соғысындағы қаһармандарымыздың қайсарлығын оқып, біліп, санамызға сіңіріп келеміз. Майдангер жауынгерлердің арасында біріміздің атамыз, енді біріміздің арғы бабамыз бар. Қазір арасымызда майдангерлердің, тыл жұмыскерлерінің саны да сиреп барады. Бүгінгі бейбіт өмір бізге сол кездегі сан мыңдаған жауынгердің ерлігімен, қайсарлығымен келді. Батырлардың ерлігін дәріптеу - Ұлы Жеңіс күніндегі біздің басты парызымыз. Барша отандасымызды 9 мамыр - Жеңіс күнімен құттықтаймыз. Бұл мереке биыл 80 жылдық датасын атап өтуде. Елімізде тек бейбітшілік болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.