Алғыс!

Жылағым келеді….

Құлап-сүрініп, көзімді көтеріп қарай алмай, мыңқылдап сөйлей алмай, қолымды көтеріп беті-қолымды жуа алмай жүрген шарасыздығым есіме түскеннен бе? Әлде 3 сағаттық отаны еңсеріп, отадан кейінгі жауыңа тілемейтін ауыр түннен өткергенімді айтып па, білмеймін…

Осыдан бір жарым ай бұрын маған АУТОИМУННАЯ МИАСТЕНИЯ деген диагноз қойды. Мұндай ауруды мен ешқашан естімеген, білмегем. Өмірімнің өзім асыға күткен ең үлкен белесі басталғалы тұрғанда, бұл мен үшін ауыр соққы болды. Мен ақ көйлек іздеп, қуаныштан бал-бұл жайнап жүретін шақта, бұл диагнозбен адамдар қанша жыл өмір сүреді, не жеймін, нені істеуге болмайды деген ақпарат іздеп шарқ ұрдым. Түрлі гармональді дәріге тәуелді болдым.

Тұман ішінде адасқандай күй кештім. Ал Руслан Ерсайынұлы осы адасудан алып шыққан ақ қанатты періште сияқты. Ол ота жасау аурудың алдын-алудың жалғыз жолы екенін айтты. Тек сендім. Менің басқа амалым да болмады. Өзім де жіті білмейтін диагнозды қалай да еңсеру керек болды. Өмірімде алғаш рет пышаққа түстім. 3 сағат. Отадан аман-есен шықтым-ау, бірақ сол түнді көтере алмай қалам ба деп қатты қорықтым. Тоңып, ысып, өкпеңде тұрған трубканың әр деміңде сезілетіні, өздегіңнен дәретханаға бара алмау, денеңді қозғалта алмау….Таңның атқанын өмірімде бұлай күтпеген болармын.

Таңертең Руслан Ерсайынұлы уатсаппен менен алып тастаған бездің суретін және ота процесінен видео жіберіпті. Видео соңында “конец операции” деген лепті сөйлемі БІЗ ЖЕҢДІК деген ұрандай естілді ? сонда барып есімді жидым.

Біз дәрігерге сенбейміз, кінәлаймыз, ұрсамыз. Бірақ маған жасалған ювелирный жұмыстан кейін енді дәрігердің алдын кесіп өтпейтін болдым. Әсіресе, Руслан Ерсайынұлының. Сіздің алтын саусақтарыңызға Алла ешқаган дерт бермесін, сізге қанша рақмет айтсам да, шын ниетімді жеткізе алмайтыным анық.

ЖЫЛАҒЫМ КЕЛЕДІ… бұл қуаныштың көз жасы шығар…