Uncategorised

Отделения

Клинический блок

 

Акушерский блок


«БЖЗҚ электрондық қызметтері»

«БЖЗҚ» АҚ алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – тұрғындарға әлемдік стандарттарға сәйкес сапалы зейнетақы қызметін көрсету. Қор зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында әрбір азаматқа зейнетақы қызметіне тең қолжетімділікті қамтамасыз ету стратегиясын алдына мақсат етіп қойып отыр. Ал оған жету үшін тікелей, қашықтықтан және өзіне-өзі қызмет көрсету жүйелерін дамыту қажет.  

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа жыл сайынғы Жолдауында сандық технологияларды ендіру, инновациялық даму және қарқынды технологиялық жаңғырудың ел экономикасы үшін маңызды екендігін атап өткен болатын.  

«БЖЗҚ» АҚ көрсетілетін қызметтерді оңтайландыру және жаңғырту жолында салымшылар мен алушыларға жаңа, заманауи қызметтерді ұсынады. Айта кету керек, бұл қызметтер уақыт шығындап Қорға келіп, қағаз құжаттарды толтырудан құтқарады. 

БЖЗҚ 2017 жылдың 30 маусымынан бастап www.enpf.kz сайтының «Жеке кабинет» және «Электрондық қызмет көрсету» бөлімінде мынадай сервистерді іске қосты. Олар:

  • міндетті зейнетақы жарналары бойынша жеке зейнетақы шотын ашу жөнінде өтініш беру;
  • зейнетақы төлемдерін тағайындау жөнінде өтініш беру;
  • берілген өтініштердің орындалу мәртебесін қадағалау.

Ескере кеткен жөн, зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтінішті зейнеткерлік жасқа толған азаматтар мен мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген, 1-ші және 2-ші топтардағы мүгедектігі бар адамдар ғана жолдай алады.     

Өткен жылдың үшінші тоқсанынан бастап тағы да жаңа сервистер іске қосылды. Оларды атап өтер болсақ, салымшының (алушының) жеке деректемелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу және зейнетақы жинақтарының жай-күйі бойынша хабарлау тәсілін өзгерту туралы қызметтер.   

Міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша жеке зейнетақы шотын ашу және зейнеткерлік жасқа толу немесе 1,2 топтардағы мүгедектіктің мерзімсіз болып белгіленуіне байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау жөніндегі өтініш беру рәсімі бірнеше минутты ғана алады. 

Осылайа, Қор онлайн тәртібінде салымшының жинақтаушы зейнетақы жүйесінде болған бүкіл кезеңі барысында – жеке зейнетақы шотын ашқаннан бастап зейнетақы төлемдерін алғанға дейін оған ілеспе қызмет көрсетеді. Осы электрондық қызметтер іске қосылған сәттен бастап алты ай ішінде көптеген салымшылар мен алушылар Қор кеңселеріне келмей-ақ қашықтықтан барлық маңызды операцияларды жүзеге асырды. 

Атап көрсетер болсақ, 2018 жылдың 1 қаңтарына қарай салымшылар мен алушылар тарапынан жеке зейнетақы шотын ашу жөнінде – 250, ал зейнетақы төлемдерін тағайындау жөнінде – 48 электрондық өтініш келіп түскен. Сондай-ақ 1 181 адам жеке деректемелеріне өзгерістер енгізсе, шамамен 500 салымшы (алушы) зейнетақы шоты бойынша ақпарат алу тәсілін интернет байланысы арқылы алуға ауыстырған. 

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басты міндеттерінің бірі – сапалы консультативтік қызмет көрсету және Қордың салымшылары мен алушылары үшін ақпараттық байланыс арналарын дамыту.  

БЖЗҚ филиалдық желісінің қызметкерлері 2017 жылы кәсіпорындар мен ұйымдарда 18 мыңнан астам көшпелі таныстырылымдық шаралар өткізді. Оларға 556 мыңнан астам адам қатысты. «БЖЗҚ» АҚ филиалдары салымшылар мен алушыларға қызмет көрсету бойынша автоматтандырылған ақпараттық жүйеде 6,3 миллионға жуық операцияны жүзеге асырған.       

2017 жылдың наурыз айынан бастап Қордың сайтында «Төрайымның блогы» арнасы жұмыс істей бастады. Сол арқылы тұтынушылар Қордың Басқарма төрайымына тікелей сұрақ қоя алады. 

Одан басқа, Қордың байланыс орталығының 1418 телефон нөмірі, Қордың корпоративтік сайтының «Кері байланыс», «Онлайн-чат» нысандары, сондай-ақ Қордың әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы Қорға хабарласуға болады.   

Зейнетақы Қоры барлық салымшылар мен алушылар үшін ашық және қолжетімді. Қордың орталық аппаратына өтініштер қағаз жүзінде де келіп түседі. Сонымен қатар «Пікірлер мен ұсыныстар» кітабына пікірлер мен ұсыныстар қалдыруға болады.   

Қордың ресми сайтында өткен жылы маусым айында іске қосылған көптеген сервистерді 2018 жылы Қазақстан Республикасының электрондық үкімет және Қордың ұялы қосымшасы арқылы қолжетімді ету жоспарланып отыр.   

«БЖЗҚ» АҚ Баспасөз орталығы


«БЖЗҚ» АҚ 2017 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша негізгі көрсеткіштері

Алматы, Қазақстан – 2017 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 7,67 трлн теңгені құрап, жыл басынан бері 980 млрд теңгеге ұлғайды. Яғни, жыл басынан бергі өсім шамамен 15 пайызды құрады. 

 2017 жылдың басынан бері салымшылардың жеке зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 495,5 млрд теңге болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3 пайызға (немесе 11,2 млрд теңге) жоғары.  

 2017 жылдың 1 қаңтарынан 30 қарашасына дейінгі кезеңде салымшылар мен алушылардың жеке зейнетақы шоттарына үлестірілген зейнетақы активтерінің табыстылығы 7,15 пайызды құрады. Осы кезеңде инфляция деңгейі 6,3 пайыз болды. Бұл ретте табыстың басым бөлігі бағалы қағаздар бойынша сыйақылардан және бағалы қағаздар мен шетелдік валютаны нарықтық қайта бағалаудан құралды.       

 2017 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша шарттардың барлық түрлері бойынша салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) саны 10,12 млн бірлік, оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен 9,64 млн бірлік болды. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша салымшылардың ЖЗШ саны 440,61 мың бірлікті, ал ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша шамамен 39,45 мың бірлікті құрады.   

 2017 жылдың басынан бері БЖЗҚ-дан төленген зейнетақы төлемдерінің сомасы 193,99 млрд теңге, оның ішінде сақтандыру ұйымдарына жасалған аударымдар 23,02 млрд теңге болды. Салыстырып қарайтын болсақ, өткен жылдың 11 айы ішінде БЖЗҚ-дан 156,1 млрд теңге төленген, оның ішінде сақтандыру ұйымдарына жасалған аударымдар 19,8 млрд теңгені құраған.  

 БЖЗҚ 2017 жылы электрондық сервистерді іске қосты. Олар Қордың бөлімшелеріне келмей-ақ оның қызметтерін пайдалануға мүмкіндік береді.  

Электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен Қордың сайты арқылы жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтініш беруге болады. Электрондық цифрлық қолтаңба немесе Қор сайтына ЖСН және құпия сөздің көмегімен тіркелу арқылы зейнетақы төлемдерін рәсімдеу туралы өтініш беруге, төлемдердің орындалу мәртебесін қадағалауға, салымшының (алушының) жеке деректемелеріне өзгерістер енгізуге, хабарлау тәсілін өзгертуге, зейнетақы шотының жай-күйін бақылауға және болашақ зейнетақыны болжамды түрде есептеуге болады. Қазіргі уақытта электрондық байланыс арналары арқылы көрсетілген қызметтердің үлесі шамамен 40 пайызды құрайды. Ал 2021 жылға дейін оны 55 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.  

 Республиканың барлық облыс әкімдіктерімен ынтымақтастық туралы Меморандумдарға қол қойылған соң, аудан орталықтарында 253 таныстырылымдық шаралар өткізілді. Оларға 20 мыңнан астам адам қатысты.     

 Жыл басынан бері кәсіпорындар мен ұйымдарда барлығы 16,6 мыңнан астам көшпелі таныстырылымдық шаралар өткізілді. Оларға 517 мыңнан астам адам қатысты. Кәсіпорындар мен ұйымдардың еңбек ұжымдары жинақтаушы зейнетақы жүйесі, оны жаңғырту мәселелері және Қордың жаңа электрондық қызметтері туралы лайықты деңгейде ақпарат алулары үшін қолдан келгеннің барлығы жасалуда.    

 Салымшы (алушы) БЖЗҚ-ға өзі келіп, не болмаса 1418 тегін нөміріне қоңырау шала отырып телефон арқылы, әлеуметтік желілер, сондай-ақ қашықтықтан: Қордың корпоративтік сайтындағы «Кері байланыс» және «Онлайн-чат» нысаны арқылы құпия ақпараттан басқа барлық өзін қызықтырған мәселелер бойынша кеңес ала алады. Одан басқа, enpf.kz сайты арқылы Басқарма төрайымының Блогына сұрақ қоюға болады. Блог іске қосылғалы бері келіп түскен 370-тен астам сұраққа дер кезінде жауап қайтарылды.    

 Сонымен қатар Қоғамдық қабылдау арнасы жұмыс істейді. Онда кез келген ниет білдіруші адам қабылдауға жазылып, ақыл-кеңес алуға және өзін қызықтырған сұраққа жауап алуына болады.      

 Тағы да еске саламыз, 2017 жылдың 30 және 31 желтоқсаны күндері «БЖЗҚ» АҚ-тың барлық операциялық бөлімшелері таңғы сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін жұмыс істейді. Ондағы басты мақсат – 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін Қордан зейнетақы төлемдерін алу құқығына ие болған немесе ие болатын салымшылардың осы төлемдерді рәсімдеуіне мүмкіндік беру.       

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында). 

 БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы 

БАҚ үшін байланыстар: Этот адрес электронной почты защищён от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.


Қарттық шақ қазыналы болсын десеңіз...

Адам баласы негізі мектеп жасына дейін және зейнеткерлікке шыққаннан кейін еркіндеу өмір сүреді екен. Одан басқа кезең әрине қарбалас тірлікке толы: мектепке барады, университетте оқиды, жұмыс істейді. Енді мектеп қабырғасында көңіл сүйген өнермен айналысуға мүмкіндік бар (спорт, музыка, би, сурет салу) деп айтуға болады. Студенттік жылдары да сүйікті ісіңмен айналысуға уақыт табылады. Бірақ, жұмыста басқа тірлікке мойын бұруға уақыт табу қиын. Адам бұл кезеңде өзі үшін емес, әйелі, бала-шағасы үшін өмір сүреді. Сананы тұрмыс билейді: «Үй салсам екен, сол үйде бала-шағамаман болып, қарындары тоқ, уайымдары жоқ болып, қатарынан қалмай өмір сүрсе екен», - деп тілейсің. Оның үстіне ата-анаңды, туған-туыстарыңды, дос-жарандарыңды, әріптестеріңді  ұмытуға болмайды. Абыройыңды сақтай отырып, барлығымен лайықты қарым-қатынас жасағың келеді. Қолыңнан келсе, қамқор болуға, қолдау көрсетуге дайынсың. Ал өзіңе қарауға,тіпті уақтысында лайықты емделіп алуға да уақыт табылмай жатады. Бітпейтін күнделікті қу тіршілік өзіңді ұмыттырып жібереді... Ал демалыс күндері жаның қалайтын іспен айналысуға уақыт анда-санда табылса табылар, табылмаса ол да жоқ. Осылай өмір шіркін «Сіз бен бізге білінбей» өте береді, өте береді. Сөйтіп жүргенде шашқа ақ кіреді, бел ауырып, балтыр сыздай бастайды... Ал көңілдегі армандар қол жетпес сағымдай болып қала береді. 

«Сонда адам тек бала кезіңде және зейнет жасыңда ғана емін-еркін демалып, қалаған ісімен айналыса алады екен ғой» деген ой келеді. Тек бұл жерде баланың ата-анасы мен ата-әжесі тұрғанда ақшаның қайдан келетінімен ісі болмайды. Ал зейнет жасында сүйікті іспен айналысуға уақыт табылғанымен, оған ақша табыла қояр ма екен? Белгілі орысжазушысыВалентин Катаевтың «Кішкентай сыбызғы мен құмыра» деп аталатын ертегісін білесіз бе? Онда сиқыршы кішкентайқызға сыбызғы сыйлайды. Сол сыбызғыда ойнасаң, алаңқайда жапырақтардың астына жасырынған жидектердің барлығы көрінеді. Оларды еш қиналмай жинауға болады. Бірақ, жинауға ыдыс жоқ. Сонда жеткіншек қыз сиқыршыға өтініш жасайды. Сиқыршы сыбызғының орнына кішкентай құмыра береді. Қыз қуанып, алаңқайға жүгіріп шығады. Бірақ, жидектер сыбызғының әуені естілмеген соң көрінбейді. Мінеки, өмірде де солай, сыбызғы болса, құмыра жоқ, құмыра болса сыбызғы жоқ. «Әттең тонның келтесі-ай»! Жұмыс істеп жүрген кезде ақша бар, бірақ уақыт жетпейді, зейнетіңде уақыт бар, бірақ, қалтаң таяз. 

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: зейнеткерлікке шығып, қазыналы, қалталы қарт болып жүру үшін, сүйікті ісіңе қысылмай ақша жұмсау үшін ерте бастан қамданып, болашаққа қор жинағанабзал. Қаншалықты көп жинасаңыз, зейнет жасында алар зейнетақы да қомақты бола түседі. Яғни, «Не ексең, соны орасың». Әрине, қалта қалың болса, спортпен айналысуға, немерелерді ертіп, концерт, театрға баруға болады. Шипажайға барып демалуға,ел аралауға  мүмкіндік табылады. Жастық шақта тартқан бейнеттің қартайғанда зейнетін көру үшін болашақты бүгіннен жоспарлап, құрметті демалысқа қаржы жинаңыз. «Тарта жесең тай қалар, тартпай жесең не қалар!?», - деп ата-бабамыз бекерге айтпаса керек-ті. Демек, зейнетақы шотыңыз тұрақты түрде жарналармен толығып тұрса,ол  - қамсыз қарттығыңыздың кепілі! Бұл үшін ерікті зейнетақы жарналарының да тигізер септігі зор.«Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» демекші, ерте бастан қамданып, болашағының іргесін бүгіннен бастап қалауға кіріскен жанның болашағы да жарқын бола түсері сөзсіз!


«5 сауал» атты дәстүрлі айдарымызды жалғастыра отырып, сіздердің назарларыңызға келесі ақпаратты ұсынамыз.

1. Салымшы (алушы) ЖЗШ-ның жай-күйі туралы ақпаратты қандай жиілікпен ала алады?   

БЖЗҚ салымшыға (алушыға) оның зейнетақы жинақтары туралы ақпаратты кем дегенде жылына бір рет, сондай-ақ оның сұрауы бойынша кез-келген күні, төлемақы ұстамай, яғни тегін беруі тиіс. Сонымен қатар, оның зейнетақы жинақтары туралы ақпаратқа электрондық және басқа да хабарландыру әдістеріне қолжетімділігін қамтамасыз етуге міндетті. 

 Зейнетақы жинақтары туралы ақпарат салымшыға (алушыға) ол таңдаған хабарландыру әдісімен жүргізіледі. Бұл үшін алушы (салымшы) келесі хабарландыру әдістерінің бірін таңдауы тиіс: 

- БЖЗҚ  офисіне жеке өзі келген жағдайда немесе Интернет арқылы байланысқа шыққан болса, салымшылардың  (алушылардың) ақпараттықанша рет сұратуына шек қойылмаған ;

- ЖЗШ ашуға жазылған арыздың реквизиттерінде немесе ақпараттандыру әдісін өзгерту/таңдау туралы қосымша келісімде көрсетілген электрондық поштаның мекен-жайына ақпарат таңдалып алынған әдіс бойынша (ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда, бір жылда) бір мәрте;

- пошта байланысы арқылы – жылына бір мәрте;  

- интернет-ақпараттандыру – онлайн режимінде; ақпараттандырудың бұл әдісі арқылы жеке зейнетақы шоты бойыншаenpf.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы ғана емес, смартфондар мен планшеттерге арналған ENPF мобильді қосымшасы арқылы да ақпарат алуға болады. Сонымен қатар, жеке зейнетақы шоты туралы электрондық үкіметтің сайтындағы «Әлеуметтік қамсыздандыру» -- «БЖЗҚ-ның зейнетақы шотынан үзінді-көшірме» бөлімінен ҚР электрондық үкімет порталында тіркеліп, электрондық сандық қолтаңба (ЭСҚ) болған жағдайда алуға болады.  

 2. Салымшы (алушы) мекен-жайы өзгерген жағдайда бұл туралы БЖЗҚ-ын ескертуге міндетті ме? 

2013 жылдың  21 маусымында қабылданған № 105-V «ҚР зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» Заңының 39 бабы 4 тармағы 1) тармақшасына сәйкес,  міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіби зейнетақы жарналарының салымшылары мен БЖЗҚ-ның алушылары Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тәртіпке сай БЖЗҚ-ны Қор міндеттемелерін орындауға ықпал ететін барлық өзгерістер туралы бұл өзгерістер туындаған сәттен бастап, он күнтізбелік күн ішінде ескертуі тиіс. 

Бұған салымшы  тиісті хабарландыру тәсілін таңдаған болса, электрондық және пошта мекен-жайын өзгерту жатады. 

1) Зейнетақымен қамтамасыз ету келісім-шартта көрсетілген пошта мекен-жайының өзгергені туралы, егер Сіз «пошта арқылы» деген зейнетақы салымдары туралы хабарландыру тәсілін таңдаған болсаңыз, БЖЗҚ-на жеке өзіңіз барып немесе пошта байланысы арқылы, аты—жөніңіз, тегіңіз, туған жыл, ай-күніңіз, жеке идентификациялық номеріңіз (ЖИН) көрсетілген, жеке куәлігіңіздің көшірмесі салынған хабарлама арқылы ескерте аласыз.   

2) Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы келісім-шартта немесе ақпараттандыру әдісін белгілеу/өзгерту туралы қосымша келісімде ақпараттандыру әдісі ретінде «электрондық пошта(e-mail)» деп көрсеткен болсаңыз, осыэлектрондық мекен-жай өзгерген жағдайда,  бұл туралы Қорды  ескертуіңіз керек. Көңіл аударатын жәйт, Сіз электрондық мекен-жайыңыздың өзгергені туралы тек ЖЗБҚ офисіне өзіңіз барып қана ескертуіңізге болады.  

Егер салымшы (алушы) өткен жылдың 31 желтоқсанына дейін тұрғылықты мекен-жайын өзгертіп, бұл туралы Қорды ескертпеген болса, 2017 жылға пошта арқылы жіберілген үзінді-көшірме БЖЗҚ-ға қайтып келеді. Сонымен қатар, қолданыстағы заңға сәйкес, БЖЗҚ келесі жылы үзінді-көшірмені пошта арқылы жөнелтпеуге құқылы.  

Егер ағымдағы жылдың 1 қаңтарына салымшының (алушының)  тиісті жылдың 1 қаңтарына ЖЗШ-да қаржысы болмаса немесе оны хабарландыру әдісі туралы тиісті келісім жасалмаса, БЖЗҚ оны зейнетақы жинақтау шотының жай-күйі туралы хабарландырмауға құқылы.  БЖЗҚ мамандары салымшыларға өздерінің жеке мәліметтерін жаңартып, және/немесе хабарландырудың жаңа тәсілін таңдау үшін Қордың жеке қызмет көрсету орталықтарына баруға кеңес береді.   

3. БЖЗҚ офисіне бармай –ақ реквизиттердегі мекен-жайды өзгертуге бола ма?  

 БЖЗҚ  2017 жылы өзінің электрондық қызмет көрсету жүйесін кеңейтіп, салымшыларға Қор сайтындағы жеке кабинеті арқылы реквизиттеріне өзгеріс енгізуге мүмкіндік берді. Енді БЖЗҚ-ың автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде тіркелген   реквизиттердің (жеке куәлік туралы ақпарат, тұрғылықты жердің мекен-жайы, электрондық мекен-жай (e-mail), телефон номерлері) өзектілігін электрондық сандық қолтаңбаның өзекті кілті бар жағдайда өз бетінше тексеріп, қажет жағдайда өзгерістер және (немесе) түзетулер  енгізуге болады.  Бұл үшін БЖЗҚ сайтындағы «Электрондық сервистер» атты бөлімге кіріп, «Реквизиттерге өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізу» атты электрондық қызметке жүгініп, керекті өзерістерді енгізу қажет. 

 4. Егер зейнетақы қорымен келісім-шарт жеке куәлік негізінде жасалған болса,  ақпараттандыру әдісін өзгерту туралы қосымша келісімге қол қойған кезде ҚР азаматының төлқұжатын пайдалануға бола ма?  

 Иә, ҚР азаматының төлқұжатын хабарландыру тәсілін өзгерту/ белгілеу туралы  келісімге қол қою  үшін пайдалануға болады. Бұл ретте салымшының (алушының) негізгі деректемелерініңсәйкестігісалымшының бұрын жеке басты куәландыратын басқа құжат (әкесінің аты көрсетілген жеке куәлік, тұруға ықтиярхат) беруі салдарынан пайда болған «әкесінің аты» деректемесіндегі алшақтықты есепке алмай-ақ тексеріледі.

5. ЖЗШ-да қалған қаржы мен оның есеп-қисабы туралы Анықтаманы кім талап ете алады?  

Зейнетақы жинақтары туралы құпияны зейнетақы жарналарын аударып жүрген салымшыға, алушыға немесе кез-келген үшінші тұлғаға тек салымшының (алушының) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес рәсімделген жазбаша келісімі арқылы ғана беруге болады.  

ЖЗШ-да қалған қаржы және олардың қозғалыстары туралы есеп туралы анықтама: 

1) алдын-ала анықтау және алдын-ала тергеу органдарына олардың өндірісіндегі қылмыстық істерге қатысты;  

2) соттарға – сот ұйғарымы бойынша  олардың өндірісіндегі істерге қатысты;  

3) сот орындаушыларына – сот санкциясы бойынша сот орындаушысының қаулысы негізінде олардың өндірісіндегі атқару құжаттары негізінде;  

4) мемлекеттік кіріс органдарына – тексеріліп жатқан тұлғаның  міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіби зейнетақы жарналарын есептеу, ұстау, төлеу  мәселелеріне байланысты;  

5) өкілетті органға–салымшының (алушының) арызына немесе өкілетті органның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының жұмысын тексеруіне байланысты   туындаған мәселелергеқатысты;  

6) прокурорға  -  қарауындағы материалға қатысты оның өкілеттігі аясында тексеру жүргізу туралы қаулыға сәйкес; 

7) қаржылық мониторинг жөніндегі өкілетті органға –  ҚР«Қылмыстық жолмен алынған  табыстарды жариялауға және лаңкестікті қаржыландыруға тосқауыл қою   туралы» Заңында көрсетілген мақсаттарда және тәріпте;  

8) салымшының (алушының) өкілдеріне – нотариалды бекітілген сенімхат немесе сот шешімінің негізінде;  

9) Орталыққа – міндетті зейнетақы қорлары, кәсіби міндетті зейнетақы қорлары бойынша салымшылардың (алушылардың) мәліметтер базасын жасау және міндетті зейнетақы жарналары, кәсіби міндетті зейнетақы жарналарының бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында сақталуын, салымшының зейнетақы төлемдеріне құқын алу сәтіне нақты салымдарының инфляция деңгейін ескере отырып, қамтамасыз ету мақсатында;  

10) орталық атқарушы органға – салымшы (алушының) арызына байланысты туындаған мәселелерге орай;  

11) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының жұмысына жыл сайын аудит жүргізетін аудиторлық ұйымдарға; 

12) Халыққа қызмет ету орталықтарына – салымшыға (алушыға) немесе оның  арызы бойынша, олардың өкіліне нотариалды бекітілген сенімхат бойынша немесе сот шешімі бойынша.

Сонымен қатар, жеке зейнетақы шотының бар екендігі туралы, ондағы қалдық пен қаражат қозғалысы туралы анықтама салымшы (алушы) қайтыс болған жағдайда, заң бойынша мұрагерлік құқығы туралы куәлікке сәйкес мұрагер болып табылатын азаматтарға немесе өсиетхатта көрсетілген тұлғаларға олардың жазбаша арызы бойынша, соттарға - олардың өндірісіндегі мұрагерлік туралы істер бойынша беріледі. 


БЖЗҚ: салымшылар жеке деректемелерінің өзгергендігі жайында БЖЗҚ-ға хабарлауға міндетті

Қазақстандықтардың көпшілігі зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты сонау екі мыңыншы жылдардың басында жасасқаны белгілі. Ол кезде енді-енді жеке зейнетақы қорлары пайда бола бастаған шақ. 

Әрине, барлығымыз да шартқа өзіміздің пошталық мекенжайымызды көрсеттік. Ол кезде электрондық пошталары бар адамдар саусақпен санарлық болатын. Жеке зейнетақы қорларындағы зейнетақы активтері бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына шоғырландырылған кезеңнен бері салымшылардың көпшілігі өздерінің жеке деректемелерін өзгертуге асықпады. Қорға келіп, дерекқордан өздерінің мекенжайын, телефон нөмірін тексеріп те жатпады.  

«Жұмыс беруші аударып жатыр ғой. Демек, барлығы да дұрыс» - дегендер де болды. Жасыратыны жоқ, көпшілігіміз әлі күнге дейін бұрынғы дағдылы әдіспен,жинақтарымыздың жай-күйі туралы деректерді пошта байланысы арқылы аламыз. Ал уақыт бір орнында тұрмайды. Бүгінде адамдар өмір ағысына қарай, бұрынғыға қарағанда жиі көшіп-қонатын болған.

Сол үшін де көпшілігіміздің мұндай конвертті көрмегенімізге бірнеше жылдың жүзі болып қалғанын жоққа шығаруға болмайды. 

БЖЗҚ жыл сайын салымшылардың бұрынғы мекенжайларына пошта байланысы бойынша ішіне үзінді-көшірме салынған конверттерді жыл сайын жібереді. Бірақ, өкінішке қарай талай конверт «Хат алушы көрсетілген мекенжай бойынша тұрмайды» деген белгімен кері оралады.  

Ал енді ойланып көріңізші, осы конверттерді дайындап, салымшыға жеткізуде қаншама жұмыстар атқарылды, қаншама ақша шығындалды десеңізші!Міне осыдан барып, «Кім кінәлі?», «Не істеу керек?» деген жауыр болған сұрақтар тағы да мазалай бастайды.   

Егер бірінші сұрақтың жауабы айтпаса да түсінікті болса, екінші сұраққа  толығырақ тоқталайық.  

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 21 маусымдағы № 105-V Заңының (бұдан әрі - Заң) 39-бабы 4-ші тармағының 1) тармақшасына сәйкес міндетті зейнетақы жарналарының салымшылары, өздері үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген жеке тұлғалар және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерін алушылар бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының міндеттемелерін орындауға әсер ететін өзгерістер болған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына барлық өзгерістер туралы хабарлауға міндетті.

Нақты айтар болсақ: 

1. Егер Сіз зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты «пошта байланысы» арқылы алуды таңдаған болсаңыз, зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта көрсетілген пошталық мекенжайдың өзгергені туралы, БЖЗҚ кеңсесіне жеке өзіңіз келгенде немесе пошта байланысы арқылы хабарлауыңызға болады. Бұл ретте фамилияңыз, атыңыз, әкеңіздің аты, туған күніңіз, жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) көрсетіліп, жеке куәліктің қосымшасы қоса беріледі.  

2. Егер Сіз зейнетақы жинақтары туралы ақпаратты «электрондық пошта (e-mail)» бойынша алуды таңдаған болсаңыз, зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта немесе ақпарат беру тәсілін өзгерту/айқындау туралы келісімде көрсетілген электрондық поштаны өзгерту туралы тек БЖЗҚ кеңсесіне жеке өзіңіз келгенде барып хабарлай аласыз.  

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Заңға сәйкес атына жеке зейнетақы шоты ашылған жеке тұлғаға жеке зейнетақы шоты ашылған күннен бастап кез келген сұрау салынатын күнге оның сұрау салуы бойынша зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты ақы алмай беруге, сондай-ақ осы Заңның 57-бабында көзделген ережелерді ескере отырып, оның зейнетақы жинақтары туралы ақпаратқа қолжетімділігінің электрондық және өзге де тәсілдерін қамтамасыз етеді. 

Егер Сіз бұған дейін зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта ақпарат беру тәсілін белгілемеген болсаңыз, БЖЗҚ кеңсесіне өзіңіз келіп, БЖЗҚ-мен хабарлау тәсілін өзгерту/айқындау туралы келісім жасау арқылы ақпарат беру тәсілін таңдай аласыз немесе өзгерте аласыз.    

Хабарлау тәсілін өзгерту/белгілеу туралы келісім жасау үшін және (немесе) Жеке деректемелеріңізге өзгерістер енгізу үшін, қолыңызда жеке басыңызды куәландыратын құжат болуы керек. Онда жеке сәйкестендіру нөмірі көрсетілген болсын. БЖЗҚ зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты беруді салымшы (алушы) таңдаған тәсіл бойынша жүзеге асырады.  

Ал бұл: 

1) БЖЗҚ кеңсесіне келіп өтініш жасау;

2) электрондық тәсіл –бұл ретте, зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат салымшының ЖЗШ ашу туралы өтінішінде немесе хабарлау тәсілін өзгерту туралы келісімге қол қою кезінде көрсеткен электрондық поштасына жолданады;

3) пайдаланушының логині ретінде тіркелген жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) мен құпия сөзі (пароль) немесе электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып интернет арқылы алу;  

4) пошта байланысы арқылы алу.

Жоғары технология заманында әрине, жеке зейнетақы шоты туралы ақпарат алудың ең қарапайым, ыңғайлы және үнемді тәсілі ол – ақпаратты интернет арқылы алу.Хабарлаудың осы тәсілін таңдау арқылы, жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпаратты enpf.kz сайтындағы Жеке кабинет қана емес, Android, iOS (iPhone, iPad) және Windows Phone операциялық жүйелерінде жұмыс істейтін смартфондар мен планшеттерге арналған ENPF ұялы қосымшасы арқылы да алуға болады. 

Бұл қосымша Google Play (Android), АppStore (iOS) и Windows Phone Marketplace (Windows Phone) ресми қосымшылар дүкендерінде орналастырылған. Оны тегін жүктеп алуға болады. 

Қосымша қазақ және орыс тіліндегі нұсқаларда жұмыс істей береді. 

Сондай-ақ жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпаратты ҚР электрондық үкіметі порталында (www.egov.kz) тіркеліп, электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алған жағдайда осы сайттың «Әлеуметтік қамтамасыз ету» – «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшысының (алушысының) зейнетақы жинақтарының (инвестициялық кірістерін ескере отырып) жай-күйі туралы ақпарат беру» бөлімдеріне кіріп алуға болады. Ал электрондық цифрлық қолтаңбаны «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының филиалы – Мемлекеттік қызмет көрсету дирекциясынан алуға болады. 

БЖЗҚ-ның салымшылары (алушылары) онлайн тәртібінде өздерінің жеке зейнетақы шотыныңжай-күйін үзінді-көшірме арқылы көре алады. 

Айтпақшы, Сіз үзінді-көшірме алу үшін кез келген кезеңді (бір күннен бастап бірнеше жылға дейінгі аралық)таңдай аласыз. 

Үзінді-көшірмелерді онлайн сервистер (БЖЗҚ-ның www.enpf.kz сайты, электрондық үкіметтің www.e-gov.kz сайты немесе ұялы қосымша) арқылы алу барысында салымшыға жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы маңызды деректерді онлайн тәртібінде – тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн бойы алу мүмкіндігі беріледі.   

Осылайша, БЖЗҚ өзінің салымшыларына зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат алудың бірнеше тәсілін ұсынады. Әрбір салымшы өзіне ыңғайлы тәсілді таңдап, жинақтарының жай-күйін біле алады. 

Бұл үшін жеке басыңызды куәландыратын құжатпен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жергілікті бөлімшесіне (қазіргі таңда олардың саны республика бойынша - 231) бір рет барып өтініш білдірсеңіз болғаны. Сол жерде жеке деректемелеріңіздің өзгергені жайында немесе зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы хабарлаудың өзіңізге ыңғайлы бір немесе бірнеше тәсілін таңдағаныңызды жеткізесіз. Барлық операция 10 минуттан аспайды, есесіне алдағы уақытта қаншама уақытыңыз үнемделеді! Бұл БЖЗҚ және пошта байланысы қызметкерлері үшін де қуанышты жағдай. 


«БЖЗҚ» АҚ-тың проблемалық эмитенттердің жинақтаушы зейнетақы қорларынан берілген активтерімен жұмысы

Жинақтаушы зейнетақы қорларындағы зейнетақы активтерін шоғырландыру нәтижесінде «БЖЗҚ» АҚ портфеліне облигацияларының атаулы құны бойынша 161,45 млрд теңгеге 32 эмитенттің проблемалық қаржы құралдары өткізілді.   

Облигациялардың атаулы құны бойынша берешектердің жалпы сомасы 2014 жылдан бері 161,45 млрд теңгеден 36,45 млрд теңгеге азайды. Ал проблемалық эмитенттердің саны 32-ден 19 компанияға қысқарды. Екі компания бойынша берешек толығымен өтелді (атаулы құны бойынша 1,3 млрд теңге). Төрт компания бойынша банкротқа ұшырау және таратылу рәсімінің аяқталуына байланысты қаржы құралдары есептен шығарылды (атаулы құны бойынша 10,2 млрд теңге).Жеті компания бойынша берешек қайта құрылымдалды/реттелді (атаулы құны бойынша 113,4 млрд теңге). 

Эмитенттердің көпшілігі дефолтқа 2006-2010 жылдар аралығында жол берген.  

 2016 жылы атаулы құны бойынша берешек сомасы 4,1 млрд теңгеге 2 эмитенттің дефолты тіркелді. Олар: 

- «Имсталькон» АҚ; 

- SAMARCO Mineracao S.A. (Бразилия). 

2017 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша зейнетақы Қоры дефолтқа жол берген 21 эмитентке қатысты атаулы құны бойынша 40,5 млрд теңге болатын берешекті (зейнетақы активтерінің 0,6 пайызынан төмен) қайтару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл эмитенттердің қаржы құралдары зейнетақы активтерінің құрамына кіреді.  

Бұл эмитенттер бойынша мынадай жұмыстар жүргізіліп жатыр: 

- «Қазақстан қағазы» АҚ эмитентіне қатысты оңалту жұмыстары жүргізіліп

жатыр. Атаулы құны бойынша берешектердің жалпы сомасы – 12,5 млрд теңге. 

- «Имсталькон» АҚ эмитентіне қатысты оңалту рәсімінің күші жойылды.

Банкроттық туралы азаматтық іс қайта қаралып жатыр. Атаулы құны бойынша берешектердің жалпы сомасы – 3,4 млрд теңге.  

- 13 эмитент бойынша берешектерді Қор пайдасына өндіріп алу туралы сот

шешімі шығарылды, қазір орындаушы өндіріске ілеспе қызмет көрсетіліп жатыр  («Казнефтехим» АҚ, «ТөртҚұдық» «Кен-байыту комбинаты» АҚ, «Mineral Resources of Central Asia» АҚ, «Техно-Life» АҚ, «Сары-Арқа Сарбазы» Күзет корпорациясы» ЖШС, «РЭМИКС-Р» АҚ, «Тема и Ко» АҚ, «HOMEBROKER» АҚ, «Комбинат строительных материалов и конструкций-2» ЖШС, «РОСА» АҚ, «Астана-Недвижимость» АҚ, «Өрнек XXI» АҚ, «Альтернативные финансы» АҚ; Берешектердің атаулы құны бойынша жалпы сомасы  – 8,8 млрд. теңге);

- 5 эмитент банкрот болып танылды («Трансстроймост» АҚ, «VITA» АҚ,

«GLOTUR» АҚ, «Валют-Транзит Банк» АҚ, «Қарағанды асбест-цемент бұйымдары зауыты» АҚ; Берешектердің атаулы құны бойынша жалпы сомасы – 15,1 млрд. теңге);

- 1 эмитент бойынша сотқа дейінгі реттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр

(SAMARCO MINERACAO SA; Берешектің атаулы құны бойынша жалпы сомасы – 0,6 млрд. теңге).

2014 жылдан 2017 жылдың 31 шілдесіне дейінгі аралықта Қор алдында өтелген берешектердің жалпы сомасы 1,67 млрд теңгені құрады, оның ішінде:  

– 2014-2015 жылдары – 1,3 млрд. теңге;

– 2016 жылы – 0,194 млрд теңге;  

– 2017 жылы – 0,192 млрд теңге;

Проблемалық активтер бойынша мүмкін болатын шығындарға қарсы арнайы провизия (резервтер) құрылған. Қор өндіріп алған берешек сомалары провизияларды қалпына келтіруден түскен табыстар болып есептеледі және салымшылар мен алушылардың зейнетақы шоттарына үлестіріледі. 

Атап өту керек, берешектерді азаматтық тәртіпте өндіріп алу тәсілдері таусылған жағдайларда, Қор проблемалық эмитенттердің қызметін және олардың лауазымды тұлғаларының компанияны төлем қабілетсіздігіне жеткізгендіктерін тексеруді жүзеге асыру үшін тиісті өтінішпен құқық қорғау органдарына жүгіну туралы шешім қабылдады.  

Зейнетақы Қоры 16 эмитент бойынша прокуратура органдарына және аумақтық мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық зерттеу қызметіне арыз жолдады.   

БЖЗҚ зейнетақы активтеріне Қазақстан Республикасы аумағында ғана емес, оның шегінен тыс жерлерде де залал келтірген тұлғаларға қатысты сот шешімдерінің шығарылуына күш салады. 

 БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. 

Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында). 

 «БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы

БАҚ үшін байланыстар: Этот адрес электронной почты защищён от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.


Полезные ссылки


1.png2.png3.png4.png5.gif6.png7.png
1.png11.png2.png3.png4.png

Copyright © 2017 - Городская многопрофильная больница №2, г. Нур-Султан
Все права защищены.

Development and maintenance of this site - web studio "Siteland"